«Атырау-Астрахань» пойызында 13 жасар бала кенеттен көз жұмды»: анасы мәлімдеме жасады
13 жасында кенеттен көз жұмған Святослав Цаплин бала кезінен сырқат болған
Лагерьге бара жатқан жолда көз жұмған баланың анасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Massaget.kz.
13 жасында кенеттен көз жұмған Святослав Цаплин бала кезінен сырқат болған. Анасы Тамара Цаплинаның айтуынша, марқұмның бала кезінен тамыры өздігінен жарылатын болған.
«Кей адамдар ұлымды тамақтан уланып көз жұмды деп жатыр. Ұлымның бала кезінен сырқаты бар. Ешкімге талабым жоқ. Барлық көмекті көрсетіп жатқан облыс, қала басшылығына ризамын. Бұл жағдай кез келген адамның басында болуы мүмкін. Баламның ерте кеткені өкінішті», - деді марқұмның анасы Тамара Цаплина.
Қара жамылған ананың видеосын қоғамдық белсенді Сандуғаш Кукенова әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында жариялады.
Еске салайық, кеше Атырау-Астрахань пойызымен Ресейдің Железноводск қаласындағы лагерьге демалуға бара жатқан 2010 жылғы бала кенеттен көз жұмған еді.
«Нарын» станциясына келген жедел жәрдем баланың қайтыс болғанын анықтады.