Halyq Uni логотип
×

Ресейдің тағы бір спортшысы Қазақстан азаматтығын алды

Әзірше Софья Самоделкина ұлттық құраманың қатарына қосылған жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 08.08.2023 | 17:50
Ресейдің тағы бір спортшысы Қазақстан азаматтығын алды
Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Ресейдің бұрынғы мәнерлеп сырғанаушысы Софья Самоделкинаның Қазақстан азаматтығын алғанын растады.

ІІМ басшысы Үкімет кулуарында БАҚ өкілдеріне берген шағын сұхбатында спортшының еліміздің азаматтығын жалпы тәртіппен алғанын айтты.

Жақында спортшы Самоделкина Қазақстан азаматтығын жалпы тәртіппен алды. Өйткені оның анасы – Қазақстан азаматы, – деді Марат Ахметжанов.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та Софья Самоделкинаның Қазақстан азаматтығын ешқандай қиындықсыз алғанын растады.

Софья Самоделкина азаматтық алды. Бірақ қазір ол ұлттық құрамаға қосылмаған. Дегенмен оның Қазақстан Республикасының азаматы ретінде жарыстарға қатысуға, жаттығуға хақы бар. Ұлттық құрамаға іріктеудің де өзіндік тәртібі болады. Қазір құрамаға іріктеу туралы мәселе күн тәртібінде жоқ, – деді ол.

Бұған дейін Қазақстан конькимен жүгірушілер одағы Ресейдің экс-спортшысының азаматтығын ауыстырып, Қазақстан атынан жарыстарға қатысқысы келетінін мәлімдеген болатын.

Софья Самоделкина 2007 жылы туған. Ол Светлана Соколовская деген жаттықттырушының қарамағында жаттыққан. 2021 жылы Словенияда жасөспірімдер арасында өткен Гран-при жарысының күміс жүлдегері, 2002 жылы Ресей біріншілігі күміс жүлдесінің иесі болған.  

2020 жылы Ресей кубогының иегері, 2021 жылы Денис Тен мемориалының жеңімпазы атанған. Басқа да турнирлер мен жарыстарда құрмет тұғырынан көрінген. Ресейдің спорт шебері деген атағы бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама