Көшесінде су көлкіген елорданың жауапты басшысы қызметінен босатылды

Динара Амантай

Биыл жерүсті ағын суын бұру үшін 2,5 шақырым магистральдық нөсер кәріз желісін салу жоспарланып отыр

Фото: Halyq Uni

Астананың кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемегені үшін жауапты мекеменің директоры қызметінен босатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, нөсерлі кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және салдарынан кейбір учаскелерді су басқаны үшін «Elorda eco system» директоры Тимур Шоданов қызметінен босатылған..

Сондай-ақ отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Elorda eco system» алдына жерүсті ағын суын бұруды қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шаралар жүргізу міндеті қойылды. Атап айтқанда, олар – коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдағыштарды тазарту, құбырларды булау, нөсерлі кәріз желісінің қуатын ұлғайту және т.б.

Биыл жерүсті ағын суын бұру үшін 2,5 шақырым магистральдық нөсер кәріз желісін салу жоспарланып отыр. Мәселен осыған дейін 200-ден астам проблемалы учаскеде су тасқыны мәселесі шешілген болатын.