Halyq Uni логотип
×

ҰҚШҰ аясында есірткіге қарсы арнайы операция басталады

Іс-шараның негізгі міндеттері – жаңа психоактивті заттар айналымының жолын кесу

 Дастан Жұмабекұлы 07.08.2023 | 17:40
ҰҚШҰ аясында есірткіге қарсы арнайы операция басталады
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының аясында «Канал-Перехват» есірткіге қарсы операциясын өткізу жөніндегі кеңестің жиыны болды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, «Канал-Перехват» операциясы 2023 жылғы қыркүйекте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында болады. Оған ТМД елдерінің есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдары қатысады.

Бақылаушылар ретінде Үндістан, Иран, Қытай, Моңғолия, Сирия, Түрікменстан, Өзбекстан құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдар – қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ, БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі өңірлік басқармасы, ШЫҰ-ның терроризмге қарсы өңірлік құрылымы, ТМД кеден қызметтерінің құқық қорғау бөліністері басшыларының комитеті қатысады деп  жоспарлап отыр.

Операцияның негізгі міндеттері – жаңа психоактивті заттар айналымының жолын кесу, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында Ауғанстан мен Ираннан Ауған опиаттарының контрабандалық арналарын жою, трансұлттық есірткі топтарының қызметінің жолын кесу, есірткі табыстарын заңдастыру, заңсыз айналымнан қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды алу.

Кездесуде, сондай-ақ 2023 жылы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағындағы есірткі ахуалының өзгеруінің соңғы үрдістері, оның осы жылдың екінші жартыжылдығындағы даму болжамдары талқыланды.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама