Студенттерге жатақханалардан орын алуға көмектесетін ахуалдық орталық құрылды

Динара Амантай

Болжам бойынша жатын орынға мұқтаж студенттер саны – 134 мың адам

Фото: Halyq Uni

Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша ахуалдық орталық құрылды. Бұл туралы бүгін министр Саясат Нұрбек жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиын барысында ведомство басшысы студенттерді барынша жатақханалармен қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Барлық студентті жатақханалармен қамтамасыз ету мүмкін емес екені анық. Бұл – әзірге жүйелі мәселе, бірақ министрлік осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, біздің ведомство студенттерге жатақханалардан орын алуға көмектесетін ахуалдық орталық құрды, - деді министр.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек студенттердің мәселелеріне бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлері мен азаматтарды ахуалдық орталықтың құрамына кіруге шақырды.

Студенттердің тұрғын үймен туындаған проблемаларына жедел ден қою үшін ахуалдық орталықта +77002551443 және +77076660037 нөмірлері бойынша call-орталық іске қосылды. Ол тәулігіне 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін болады.

Орын тапшылығы бойынша проблемаларды жүйелі шешу үшін биыл біз Алматы мен Астанада жатақханалар салу бойынша жобалық кеңселер аштық. Өйткені орын тапшылығының 70%-ы осы қалаларға тиесілі. Сондай-ақ мен бұған дейін жоғары оқу орындарында жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырған едім. Оқу жылы басталғанша оқу орындарының бірінші басшылары жатақханалардың санитарлық және техникалық нормалардың талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударуы қажет, – деді Саясат Нұрбек.

Жоғары оқу орындарының болжамы бойынша жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттер саны 134 мың адамды құрайды. Алматы қаласында жоғары оқу орындарының көп шоғырлануына байланысты жыл сайын әртүрлі өңірлерден келіп, Алматыға оқуға түсушілердің саны көбейіп жатыр. Жатақханаларда орын жетпеген студенттерге орын тапшылығы мәселелері шешімін тапқанша, хостелдер мен қонақ үйлерден орын ұсынылады.

Айта кетсек, биыл 1 қыркүйектен бастап «Білім туралы» заңның барлық білім алушыларды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуді көздейтін жаңа редакциясы күшіне енеді.