Қызылорда облысында жоғалып кеткен қыздың денесі табылды
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр
Қызылорда облысында жоғалып кеткен қыздың денесі табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін Қармақшы аудандық ПБ-ға Тұрмағанбет ауылының тұрғынынан 7 жастағы қызының жоғалғандығы туралы хабарлама түскен. Әкесінің айтуы бойынша, оның қызы кеше кешкі уақытта үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Қыздың ата-анасы және туыстары қызды өз күштерімен табуға тырысқан. Алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң полицияға жүгінген.
Хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері дереу іздеу жұмыстарына кірісті. Жоғалған қызды іздеуге Қармақшы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, ТЖД, аудан әкімдігінің қызметкерлері, еріктілер, жалпы 60-тан астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ қызды табу мақсатында екі дрон пайдаланылды.
Бүгін сағат 13:00 шамасында қыздың мәйіті «Үбіс» арнасынан табылды. Мәйіттің денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қыз арнаға суға батып кеткен, – делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.