«Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді

Динара Амантай

Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының 80%-ы орындалды

Фото: Halyq Uni

Үкімет резервінен Маңғыстау облысын сумен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет резервінен Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге бөлінді. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

«Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасы 2021 жылғы 22 қыркүйекте президенттің қатысуымен өткен «Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» кеңестің хаттамасын орындау аясында іске асырылып жатыр. Есепке сәйкес, жобаны аяқтау зауытқа ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бұрынғы өнімділігі бұдан 2 есе аз болған.

Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша, бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының 80%-ы орындалды.