«Жасырылған барлық затты анықтайды»: вице-министр СҚО-дағы түрмелерді тексерді
Ол түзету мекемелеріндегі цифрландыруға жауап береді
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Солтүстік Қазақстан облысындағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ведомстволық бағынысты мекемелерін тексерді, деп хабарлады Polisia.kz.
Вице-министр түрмелердегі бейнебақылау жұмысымен, сондай-ақ адам мен жүкті дербес тексеру үшін орнатылған рентген-телевизиялық жабдықтардың қалай жұмыс істейтінін көрді.
Бейнебақылау камераларын орнату бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың құқығын әрі олардың қауіпсіздігін сақтауға және қорғауға, сондай-ақ сотталғандар мен мекеме әкімшілігі тарапынан ықтимал құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 5 мекеме (№48, №50, №51, №52, №66) жұмыс істейді. Онда 1500-ден аса бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс істейді.
Бейнебақылау камералары адамның жеке басын немесе көлігін анықтап қана қоймай, жасалған құқықбұзушылықты анықтауға мүмкіндік береді. Олар жасанды интеллект жүйесіне ие.
Рентгеноскопиялық сканер жүйесі киімнің астында, сондай-ақ адам ішінде немесе протездерде жасырылған барлық затты анықтайды. Оның ішінде аяқ киім де бар. Осылайша, адамды толық тексере аламыз, - деді №50 мекеме басшысы Қанат Сүлейменов.
Сапар барысында Сәкен Сәрсенов ішкі істер органдарының жұмысын цифрландырудың және мекемелерде бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмыс істеуін толық қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.