ТМД II ойындары: Қазақстан қоржынына алты қола жүлде түсті
Әзірше спортшыларымыз командалық есепте 8-орында тұр
Беларусьтің Солигорск қаласында өтіп жатқан ТМД II ойындарының үшінші күні Қазақстан қоржынына 6 қола жүлде түсті.
Атап айтар болсақ, дзюдо күресінен Алдияр Саин (90 келі) мен Әлихан Назымханов (+90 келі), жеңіл атлетикадан Ангелина Шрубянец (60 метр), Дмитрий Спаский (2 мың метр), Алиса Исаева (ұзындыққа секіру) және көркем гимнастикадан қыздар құрамасы ТМД ойындарының қола жүлдегері атанды.
Үшінші күннің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 39 алтын, 25 күміс және 17 қоламен Ресей құрамасы топ басында келеді. Екінші орындағы Беларусь командасының 12 алтын, 14 күміс және 24 қола медалі бар. Үздік үштікті 6 алтын, 9 күміс және 11 қоламен Өзбекстан түйіндеп тұр. Қазақстан құрамасы 1 күміс, 6 қола жүлдемен Қырғызстанмен бірге 8-орынға орналасты. Қазақстан командасының алдында Әзербайжан, Армения, Түркіменстан мен Вьетнам елдері бар.
Ертең, 8 тамызда спортшыларымыз жеңіл атлетикадан, нысана көздеуден және командалық дзюдодан сынға түседі.