Үй салып жатқан төрт ер адамды мотоцикл мінген екі жігіт атып кетті
Арыстағы жантүршігерлік қылмыс – криминалды топтар арасындағы кек алу операциясы болған. Өйткені, қаза тапқандардың бірі «Черный Алмас» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі болса, екіншісі оның серігі, деп мәлімдеді журналист Михаил Козачков Telegram-каналында.
Козачковтың айтуынша, оқ атқан екі күдіктінің бірі анықталған, оны іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Екеуінің бірінде «Сайга» екіншісінде винчестер болған. Олар аулаға кіріп оқ жаудырған да, Алмас Жолдасов пен Жандәулет Қабыловты қосымша басынан тағы атқан. Яғни, күдіктілер осы екеуін өлтіру мақсатымен келген. Мұнан кейін екеуі көпірдің астында мотоциклдерін және киімдерін тастап, ары қарай қашып кеткен. Екі шлемнің бірінен саусақ іздері табылды. Ол 19 жастағы Бауыржан Тулептің саусақ ізі. Қазір оны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп жазды ол.
Оның пікірінше, мұндай қылмысқа бұрынғы шешілмеген дау себеп болған.
«Осыдан бір жыл бұрын Арыста жергілікті кәсіпкердің ұлы кісі қолынан қаза тапты. Кәсіпкердің бауыры ертеректе Рыжий Алмаздың қылмыстық тобында мүше болған. Яғни, қылмыс әлемінің өкілі. Ал жас жігіттің өліміне осы Черный Алмас адамдарының қатысы бар екені айтылды. Жәбірленушілер әділ сотқа сенбеген болса керек, өздері кек алған сияқты», – деп жазды журналист.
Еске салайық, қанды қылмыс 5 тамызда Түркістан облысының Арыс қаласында болды. Үй салып жатқан төрт ер адамды мотоцикл мінген екі жігіт атып кеткен. Олардың екеуі қаза тапса, екеуі ауруханада жатыр.