Ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына да бағынбаған
Петропавлда ер адам зейнеткер мен жүкті әйелді ұрған. Оның үстінен 3 әкімшілік іс қозғалды.
Мына адам бүгін менің әжеме және жүкті тәтеме шабуыл жасады. Себебі жүкті әйел темекі шекпейтінін және темекісі жоқ екенін айтқан. Сосын ол оның көлігін ұра бастаған. Әжем кірберістен шығып, оған ұрысқан. Ол оған да тап беріп, басынан жұдырықпен ұрды. Бейтаныс ер адам әйелдерді қорғамақ болған, ол оны да ұрды. Кейін полиция қызметкерлері келді, ол олармен де алыспақ болды, - деп жазған видео авторы.
Полицияның мәліметінше, 5 тамызда сағат 09:06 шамасында оларға Петропавлдағы Жамбыл көшесі, 286 мекенжайындағы үйдің ауласында бейтаныс ер адам мен осы үйдің тұрғындары арасында жанжал болғаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына барғанда 36 жастағы ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. Ұстаған сәтте оның мас екені анықталды. Өзімен бірге жеке куәлігі де болмаған.
Оның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 440-бабының 1-бөлігі («Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу»), 492-бабы («Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру»), 667-бабы («Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау») бойынша әкімшілік іс қозғалды.