Қазақстандық әйел ШҚО әкіміне сұрақ қою үшін оны велосипедпен қуып жетті

Халық үні

Велосипедші әкімді қуып жетіп, қаладағы автобустар мәселесі туралы сұрағын қойды

Фото: yk-news.kz

Риддер қаласының тұрғыны Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты велосипедпен қуып жетіп, автобус мәселесі туралы сұрақ қойды.

YK-news.kz сайтының хабарлауынша, оқиға әкімнің Риддерге сапары кезінде болған. Жергілікті тұрғын Татьяна Морозова үшінші ықшамауданнан велосипедпен қала орталығына келіп, Ермек Көшербаевқа көкейіндегі сұрақтарын қойған.

Татьянаның айтуынша, ол аймақ басшысын жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысымен танысуға келген кезде байқаған. Татьяна әкімге мәселесін айтып, жүгінгісі келеді, бірақ кортеж тез арада кетіп қалғандықтан үлгермеген. Сондықтан Риддер тұрғыны әкімді велосипедпен қуып жетуге бел буады. Татьяна қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан орталық алаңға жеткенге дейін облыс басшысы бірнеше нысанды аралап шыққан.

Дегенмен велосипедші әкімді қуып жетіп, қаладағы автобустар мәселесі туралы сұрағын қойды.

«Бізде автобустардың жүруі нашар, сондықтан велосипедке көштік. Автобустар жөнді жүре ме, жоқ па?», — деп сұрады әкімнен велосипедші әйел.

Облыс әкімі тұрғынға өз сауалын қала басшысына қоюға кеңес берді.

«Шешуді қажет ететін міндеттер көп. Тағы қайталап айтқаныңыз дұрыс болды. Бұл қалаға жаңа әкім келді (Дәулет Батырбаев – ред. ескертпе), соған жүгініңіз. Бұл мәселені шешіп береді. Тасымалдаушыларға субсидия бөлінбеген шығар, олар шығындалса, жұмыс істей алмайды. Біз мұны қарастырамыз. Мемлекет тасымалдаумен айналыса алмайды. Жеке кәсіпкер өз автобустарымен келеді, конкурсты жеңіп, шығындардың бір бөлігін өзі мойнына алады, ал қалғаны бюджеттен өтелуі керек», — деп жауап берді аймақ басшысы әйелге.