Сауна, спирттік ішімдіктер мен мерзімі өткен тамақ: Қостанай облысының балалар лагерлерінде бұзушылықтар анықталды
Өңірлік прокуратура органдарымен балалардың демалыс орындарына тексеру жүргізілді
Қостанай облысының балалар лагерлерінде бірқатар бұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас прокурордың тапсырмасы бойынша Қостанай облысының прокуратурасы балалар лагерлерінің қызметінде кешенді тексерулер жүргізді. Тексеріс балалардың құқықтарын қорғау, өртке қарсы қауіпсіздік және санитарлық салауаттылық саласындағы заңнама талаптарын сақтау мәселелерін қамтыды.
Алдын ала тексеру нәтижелері бойынша балалар лагерлерінде жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектер мен тамақ өнімдері, тағам мәзірінің қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмеуі, балалар лагерінің аумағында балалар үшін жарақат алу қаупі бар аймақтардың болуы анықталды. Бұған қоса шайындыларды зерттеу нәтижелері ішек таяқшасы тобының бактерияларын көрсетті. Балалар лагерлерінің бірінің әкімшілік бөлмесінде спирттік ішімдіктер табылды. Сонымен қатар, балалар лагерінің аумағында бильярд үстелі, сауна және киім ауыстыратын бөлме бар бөлмелер табылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлар тексеруді жалғастырып жатыр. Ведомство өкілдері барлық анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданатын жеткізді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қызылорда облысында балалар лагерлерінен де көптеген бұзушылықтар анықталғанын хабарлаған болатынбыз.