«50 миллион теңгемен ұсталған»: журналист Тоқберген Әбиевке сот үкімі шықты
Іс айыпталушының өтініші бойынша алқабилердің қатысуымен қаралды
Журналист Тоқберген Әбиевке қатысты үкім шықты.
4 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Т. Әбиевке қатысты аса ірі мөлшерде қорқытып алу фактісі бойынша үкім шығарды (ҚК 194-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы).
Т. Әбиев «YouTube» арнасында 2020 жылдың маусым айынан бастап ЖШС-нің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтері бар бейнероликтер жариялады.
2023 жылғы 7 желтоқсанда ЖШС заңгерінің барлық бейнероликтерді жою талаптарына Т. Әбиев «YouTube» бейне-хостингінен бейнероликтерді алып тастауы үшін және жария етілуі жәбірленушінің мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді тарату қаупін көрсете отырып, 50 млн. теңге сомасында ақша қаражатын талап етті.
Т. Әбиевтің кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, ұялы телефондағы хат-хабарлармен, сыртқы және ішкі бақылау камераларынан түсірілген бейнежазбалармен, сараптама актілерімен, заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот отырысында прокурор Т. Әбиевке 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қорғаушы тарап ақтауды сұрады.
Іс айыпталушының өтініші бойынша алқабилердің қатысуымен қаралды.
Алқабилердің қатысуымен қаралған сот үкімімен Т. Әбиев аталған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот сотталушының жас балаларының бар болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер ҚІЖК-нің 656-бабының тәртібіне сәйкес шешті.
Жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстық құқық юұзушылықтың сипаты мен басын, сондай-ақ жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерді.
Сот үкімімен Т. Әбиев ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.