Жамбыл облысында ауылдастарының 19 бас жылқысын ұрлаған жігіт 5 жылға сотталды

Халық үні

Жігіт бес жылға бас бостандығынан айырылды.

ашық дереккөзден

Құмар ойын құрдымға құлатты. Жамбыл облысында ауылдастарының 19 бас жылқысын ұрлаған күдікті ұсталды. Қаракемер ауылының 36 жастағы тұрғыны бұл әрекетке құмар ойынға құныққаннан барған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Бұған дейін тапқан-таянғанын бәске тігіп барынан айырылған күдіктінің көзі көрші-қолаңның төрт түлігіне түскен. Алғашында жайылымда жүрген алты бас ірі қараны қолды қылған. Араға он күн салып тағы 13 жылқы ұрлаған. Арасында бәйге, көкпарға қосып жүрген құны 2 жарым миллион теңгеге бағаланатын аттар да болған.

Күдікті түнделетіп Меркі ауданындағы базарға бара жатқан жерінен ұсталды. Ол кінәсін толық мойындап, ауылдастарының 10 миллион 400 мың теңгесін өндіріп берген. Төрт түлік ұрлап оңай олжаға кенелмек болған жігіт бес жылға бас бостандығынан айырылды.