«Ордабасы» клубы келесі айналымға шыға алмады
UEFA Конференция лигасы іріктеу турнирінің екінші сатысында Қостанайдың «Тобыл» клубы мен «Ақтөбе» командасы келесі айналымға шықты.
«Тобыл» Швейцарияның «Базель» командасын бірінші ойында 3:1 есебімен жеңген еді. Екінші кездесуде қарсыластарынан 1:2 есебімен ұтылып қалды. Сол сияқты «Ақтөбе» Кутаисиде жергілікті «Торпедо» жасағын 4:1 есебімен ұтып, екінші матчта 1:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Сөйтіп, екі қазақстандық команда да қарсыластарынан өз алаңында жеңілсе де екі ойынның нәтижесі бойынша жарысты одан әрі жалғастыратын болды.
Енді матчтарға келсек, Қостанай мен Ақтөбедегі ойындарға жанкүйер көп жиналды. Стадионда ине шаншар орын болмай, футбол сүйер қауым иық тіресіп, командаларына болысып отырды. Әсіресе, Ақтөбедегі матчта футбол терминінде 12-ойыншы атанып кеткен жанкүйерлердің командаға қолдауы өте күшті болды.
Қостанайдағы ойында «Базель» мачты белсенді бастады. Бірінші таймда екі гол салып, команданы алға шығарды. Антон Каде 26-минутта есеп ашса, Жан Кевин Огустен 32-минутта пенальтиден қақпаны дәл көздеді. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Ойынның 43-минутында «Базель» қақпасына пенальти белгіленіп, одан Серж Дебле мүлт кеткен жоқ. Ал екінші тайм тең дәрежеде өтіп, таблодаға есеп өзгермей, сол қалпы матч аяқталды. Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Енді Қостанайдың клубы жарыстың үшінші сатысында 10 және 17 тамызда Ирландияның «Дерри Сити» жасағымен ойнайды.
«Ақтөбе» мен Кутаисидің «Торпедосы» командаларының ойыны тартысты өтті. Шыны керек, сырт алаңда қарсыластарын 4:1 есебімен жеңгеннен кейін Ақтөбенің клубы өзіне сенімді ойнап, матчты өз қолына алуға тырысты. Соның нәтижесінде 32-минутта Максим Самородов есеп ашты.
Екінші таймда грузиялық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Одан кейін тағы бірнеше допты алаң иелерінің қақпасына тоғытуға тырысты. Әуелі Георгий Арабидзе 58-минутта гол салса, одан кейін 66-минутта Ираклий Бугридзе өз клубын алға шығарды. Есеп осылай матчтың соңына дейін өзгермей, екі ойынның нәтижесі алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Енді «Ақтөбе» іріктеу турнирінің үшінші сатысында 10 және 17 тамызда Румынияның «Сепси» клубымен кездеседі.
Өкінішке қарай, Шымкенттің «Ордабасы» клубы келесі айналымға шыға алмады. Шымкенттің командасы Польшада Варшаваның «Легия» жасағымен кездесіп, 2:3 есебімен жеңіліс тапты.
Бірінші ойын 2:2 болып аяқталған еді. Сондықтан «Ордабасыға» іріктеу турнирін одан әрі жалғастыру үшін бір ғана гол салу керек болатын. Алайда, қонақтардың шамасы «Легиямен» тең ойнауға жетпеді.
Бұл матч та аса тартысты және қызықты өтті. Ойын басынан командалар бірден шабуылға көшті. Тізгінді жергілікті футболшылар өз қолына алуға тырысты.
Ойынның 18-минутында «Легия» футболшысы Павел Вшолек «Ордабасы» қақпашысымен бетпе-бет келіп, оны оңай алдап, есеп ашты. Одан кейін 42-минутта Юрий Рибейро есепті еселеді.
Екінші таймның 57-минутында меймандардан Всеволод Садовский есепті бір голға қысқартты. 71-минутта «Легия» тағы бір гол салды. Бұл голдың авторы Томаш Пекхарт атанды. Осыдан кейін «Ордабасы» ойыншысы Сергей Малый нысаны дәл көздеп, командасына үміт сыйлағандай болды. Алайда одан әрі қонақтардың есепті теңестіруге шамасы жетпеді. Егер матч 3:3 болғанда «Ордабасы» келесі кезеңге жолдама алар еді.
Жалпы, осы ойында Шымкенттің командасы жеңілсе де жеңіске деген жігерін көрсетті.