Америкалық сарапшылар Орталық Азияда соғыс болатынын болжады
Қарулы жанжал аймақтағы ең тапшы ресурс – су үшін таластан туындауы мүмкін
Сонау 2012 жылы Өзбекстанның Президенті, марқұм Ислам Кәрімов:« Су үшін Орталық Азияда соғыс басталуы мүмкін» деп болжап кеткен болатын, деп жазды Inbusiness.kz.
Енді осы мәселені Батыстың бірден бірнеше басылымы қайта қозғауда.
Мысалы, америкалық Foreign Policy журналы «Су соғыстары Орталық Азияға төніп келеді» деген тақырыппен шықты. Оның сарапшыларының байламынша, бұрынғы жылдары су ресурстарына қатысты ахуал онсыз да нашар болатын. Алайда енді тәліптер жағдайды тіпті ушықтырып жатыр.
Мысалы, Әмудария өзені Өзбекстан мен Ауғанстанды бөліп тұрғаны белгілі. Бұл дария кезінде Сырдариямен бірге Арал теңізін толтыратын. Енді Ауғанстанның жаңа билігі Әмударияны әр жерінен буып, бөгендер тұрғызуда.
Оның үстіне биыл «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған) және Қытай Әмудария бассейнінің түбінде миллиондаған жылдар бойы тұнып жатқан мол мұнайды өндіруге кірісуге уәғдаласты. 2023 жылғы 5 қаңтарда Ауғанстанның қазіргі билігі қытайлық CPEIC компаниясымен тиісті контрактіге қол қойды.
Шарт жасасу салтанатында Ауған Ислам Әмірлігінің (Ауғанстанның тәліптер таңған жаңа атауы) Тау-кен өндірісі өнеркәсібі және мұнай министрінің міндетін атқарушы Шахабуддин Делавар алғашқы үш жылда тек зерттеу мақсатында бұрғы салынатынын хабарлады. Осы кезеңде шың елі 540 млн доллардан астам инвестиция салмақ. Контракт аясында қытайлар Әмударияның бастауында, яғни ауған бөлігінде 25 жыл мұнай өндіретін болады.
Қара алтын бастапқыда, алып дария ағатын үш провинцияда: Сари-Пуль, Джаузджан, Фарьябта өндірілмек. Алғашқы жылдары кем дегенде 1 000-20 000 тонна аралығында мұнай алынады. Шикізат Ауғанстанның өзінде өңделіп, одан түрлі мұнай өнімдері мен басқа заттар жасалады деп жоспарланған.
Бірақ экологтарды басқа мәселе алаңдатады: Қытай компаниялары Африкада да кен орындарын белсенді игеруде. Алайда артында әбден экологиялық ластанған жерлерді қалдырады. Ендеше ширек ғасырдан соң Әмударияның халі не болатынын аңдай беруге болады. Онда Өзбекстанға қауіп төнбек. 2015 жылы өзбек елінің бұрынғы басшылығы өзен үшін Ауғанстанның зайырлы билігімен тәжікелесе, қақтығысқа түсе жаздаған.
Фориң Полиси журналы Түрікменстанды қуаңшылық жайлағанына, су қоймалары бірінен соң бірі тартылғанына, ал егістіктерді көкқасқа шегіртке жалмап жатқанына назар аудартады.
Қазақстанның ахуалы да мәз емес. Ол аймақтағы аумағы жөнінен ең ірі, сонымен бірге су ресурсы ең аз мемлекет. Қазақстанда жыл сайын қуаңшылық күшейіп, шындап қыса бастады. Егістіктерінің үлкен бір бөлігінің сапасы нашарлап, қурап қалуда. Республиканың өңірлері төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қазақстандағы Арал теңізі өткен ғасырда тартылып қалды. Каспий теңізі жағалауынан қашып, қатты таяздануда. Орталық Азия аумағы болашақта күн күйдірген шөлге айналуы мүмкін. Таяуда Ауғанстан мен Иран трансшекаралық өзендер үшін бір біріне қару кезеніп, атысуға барды. Бірқатар сарапшылар аймақтағы су соғыстарының алғашқы оғы атылды деп қауіптенеді, – деп жазады оның колумнисті Линн О'Доннелл (Lynne O’Donnell).
The Diplomat та Азияға су соғыстарының қатері төнгенін үнемі мәселе етіп көтереді. Бұл осы елдерді өз болашағына селсоқтық танытпай, тығырықтан шығатын жолды қазірден іздеуге итермелесе, жөн.
БҰҰ мен ғалымдар Жер планетасы жаһандық жылыну дәуірін артқа тастап, «жаһандық қайнау дәуіріне» аяқ басқанын жариялады. Ендеше Орталық Азияда бұрыннан қат, дефицит болған судың құны арта түспек. Оның ар жағында соғыс та алыс қалмауы ықтимал деп жорамалдайды америкалық сарапшылар.
Олар Орталық Азияға осынау ауыр мұраны Кеңес одағы қалдырғанын еске салады: нарықтық емес, жоспарлы экономиканы ұстанған КСРО республикаларға барлық өнім түрін жыл сайын қарқынды өсіру жоспарын түсіріп отырды. Салдарынан тыңайту талаптары сақталмай, әрі барлық алқап жаппай жыртылып, Қазақстандағы құнарлы жерлер гумусынан айрылды, деградацияға ұшырады. Күріш егісі мен өнімін еселеп арттыру үшін Сырдария мен Әмударияның суы бұрып әкетілді. Мыңжылдықтар бойы қос дарияны қатар емген Арал теңізіне тамшы ғана тиіп, ол жылдам тартылып қалды.
Қызыл империя ыдыраған соң орталықазиялық тәуелсіз, жас республикалардың Мәскеуге шаруашылық тұрғыдан тәуелді экономикалары күйреді. Ол елдер су проблемаларына назар аудара алмады: болашақты ойлауға шамасы келмеген елдер жанбағыс үшін күнделікті судың барлығына қанағаттанды.
АҚШ мамандары одан бергі онжылдықтарда ОА республикалары су үнемдеу мәселелеріне баса мән бермегенін қаперге салды: әсіресе, суды шектен тыс көп ысырап ететін ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарда осы аса құнды ресурстарды ұтымды, үнемді пайдаланудың тиімді практикалары енгізілмеді. Үстірт, көзбояу іс-шаралармен шектелді.
Бүгінде планетаның қызуы қатты көтеріле бастады. Өзен, көлдер кеуіп қалып жатыр. Қыста аймақта қар аз түсті. Сондықтан да Орталық Азия елдері су ресурстарын бірігіп, орнымен пайдалану туралы ортақ мәмілеге келе алмаса, оның соңы қақтығысқа ұласуы мүмкін.
Бүгінде аймақтағы су тапшылығы мәселесін шешуге Халықаралық Аралды құтқару қоры және Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы тырысып жатыр. Еуропалық Одақ та түрлі институттары арқылы көмекке келді.
Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан президенттері осы тамызда Ашхабад қаласында кездеседі. Саммиттің күн тәртібінде су мәселесі де тұр.
Үнді саясаттанушысы, су ресурстары туралы мәліметтер жинайтын Third Pole платформасының басшысы Омаир Ахмад (Omair Ahmad) аймақты соғыс өрті шарпымауы үшін "Қытай осы елдерді Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында бір шешімді табуға иліктіре алар еді" деген пікір білдірді. Оның орнына ҚХР өңірдегі проблеманы ушықтыруда: ол су айдындарын ластайды, суды үнемдеп жұмсауға, жасыл технологияларды молынан енгізуге мән бермейді. Оның су ресурстарының тапшылығына қатысты өз проблемасы басынан асады. Сонымен қатар жұңғо еліне де алапат қуаңшылық таралуда.
Әзірге су саласында салмақты ілгері жылжу байқалмайды. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл шабан тірлік пен шет-шегі жоқ талқылаулар тағы бірнеше жылға ұзаса, тым кеш болады. Онда су үшін соғыстың салмақты алғышарттары түзілмек.