«Қазақстанның бірнеше қаласын Ресейге беру керек»: арандатушының үстінен іс қозғалды (ВИДЕО)
Желі қолданушысы еліміздің батыс және солтүстік өңірлерін Ресейге беру керектігін жазған
Әлеуметтік желіде «Орал, Петропавл, Павлодар қалаларын Ресейге беру керек» деп халықты арандатқан Орал қаласының тұрғынына қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
ПД мәліметінше, Максим Яковченко есімді азамат әлеуметтік желіде арандатушылық бағыттағы жазба жариялап, ұлтаралық араздықты туғызуға себепкер болған.
«Бұл дерек бойынша Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция департаменті әлеуметтік желілердің барлық пайдаланушысына осындай арандатушылық жазбаларға бой алдырмауға және жағдайдың тұрақсыздануына ықпал етпеуге шақырады. Сондай-ақ, мұндай арандатушылық мәлімдемелер қылмыстық жазасы бар әрекет екенін еске салады. Барлық азамат бір-біріне құрметпен қарауы керек, мұндай жазбалардың мақсаты - біздің қоғамда дүрбелең салып, қақтығыстарға сеп болу», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.