Астанада аз қамтылған балаларға мектеп тауарлары тегін беріледі
Акцияның мақсаты – оқушыларға кеңсе тауарларымен көмек көрсету
Астанада жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы басталды.
Акция шеңберінде «Байқоңыр» ауданы әкімінің аппараты «Жаннұр», «АйМақ-Тау» сауда орындары мен«Тұлпар» жиһаз орталығының маңында «Мектепке жол» акциясына арналған жәшіктер орналастырды.
Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан балалар, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, инклюзивті білім алатын балаларға кеңсе тауарларымен көмек көрсету.
Арнайы жәшіктерге қаламыздың әрбір көмек қолын білдіргісі келетін азаматтары мектепке керек құрал-жабдықтармен толтырып, кішкентай бүлдіршіндерімізге көмек көрсете алады.
Акция аясында былтыр «Байқоңыр» ауданы бойынша 1000-ға жуық бүлдіршін кеңсе тауарларымен толтырылған мектеп сөмкелерімен қамтылды. Биыл да игі науқан аясында мүмкіндігінше көп бүлдіршіндерді қамтуға ниеттіміз, – деп хабарлады Байқоңыр ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Байқоңыр ауданында басталған бүгінгі акцияға алғашқы болып Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов бастаған мәслихат депутаттары мен ерікті меценаттар қатысып, арнайы құрал-жабдықтарға толы сөмкелер салды.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында аудан бойынша 2 521 оқушы бірінші сыныпқа барып, 1 142 оқушы мектепті бітіреді.
Елорданың барша белсенді азаматтарын игі дәстүрге айналған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын қолдап, қатысуға шақырамыз, делінген Байқоңыр ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.