Halyq Uni логотип
×

Жас жігітті азаптап өлтірген семейлік полицей 6 жылға сотталды

Полиция қызметкері күдіктіні полиция бөліміне әкелгеннен кейін азаптап, ол қайтыс болған.

 Халық үні 02.08.2023 | 20:45
Жас жігітті азаптап өлтірген семейлік полицей 6 жылға сотталды
фото: zakon.kz

Семей қаласының №2 сотында полиция қызметкері азамат А-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол азаптау және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталған, деп хабарлайды Абай облыстық соты

Іс ҚК 146-бабының 3-бөлімі, 362-бабының 4-бөлімі бойынша қозғалған.

2022 жылғы 11 қаңтарда сағат 01.00 шамасында коменданттық сағатты бұзғаны үшін 1995 жылы туған азамат Е-нің ұсталған.

Полиция қызметкері А. күдіктіні полиция бөліміне әкелгеннен кейін Е-ге азаптау қолданылып, ол қайтыс болған.

А-ның кінәсі сол күні құқық қорғау органдарының қызметкерлері жағынан азап қолданылған куәгердің көрсетулерімен расталды.

Сотпен қаралған іс бойынша сотталушының кінәсін бейнебақылау жазбасы, сот-медициналық сараптама қорытындысы және басқа да дәлелдемелер растайды.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамай, ақтауды сұрады.

Прокурор 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сонымен қатар прокурор А-ны «полиция капитаны» арнаулы атағынан айырып, 10 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өндіруді талап етті.

Жәбірленуші (марқұмның ағасы) прокурордың ұстанымымен келісті.

Сот азамат А-ны ҚК 146 бабының 3 бөлімімен (азаптау) кінәлі деп таныды. ҚК 362 бабының 4 бөлімі бойынша шектен тыс тағылған айыппен алып тасталды.

Сот А-ның асырауында жас балалар бар екенін жеңілдететін мән-жай деп танып, төтенше жағдайда қылмыс жасағанын және антын бұзғанын ауырлататын мән-жай деп таныды.

Бүкіл мән-жайды еске ала отыра, сот сотталушы А-ны 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, «полиция капитаны» арнаулы атағынан айырып және жәбірленушінің пайдасына 9 миллион тенге моральдық шығын өндіру арқылы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама