Олар 27 адамның ақшасын қолды еткен
Шымкентте қазақстандықтардың есепшотынан 65 млн теңгеден астам қаражат жымқырған киберқылмыстық топ сотталды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, тергеу амалдары интернет алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғынының арызынан басталған. Жәбірленуші банктің жалған қызметкерлеріне сеніп, 4 млн теңгесінен айырылған. Одан өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырған адамдар белгісіз нөмірден қоңырау шалып, оның қаржысына белгісіз біреулердің қол сұғу ықтималдығы туралы айтып, ақшасын сақтап қалу үшін телефон арқылы бірнеше онлайн операция жасауды сұраған. Осылайша, қала тұрғыны екі несие рәсімдеп, оларды «қауіпсіз» шоттарға аударған.
Полицияға арыз түскеннен кейін қалалық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес жөніндегі арнайы тобы күдіктілердің ізіне түсіп, алаяқтарды анықтаған. Алаяқтардың қылмысты бүкіл ел бойынша жасағаны белгілі болды. Бұл топқа Шымкенттің алты тұрғыны кірген. Олар жарты жылда 27 адамның 65 млн теңгеден астам қаражатын қолды еткен. Зардап шеккендердің арасында Астана, Алматы, Петропавл, Көкшетау, Орал, Қарағанды мен басқа да өңірлердің тұрғындары бар.
Полицейлер қылмыстық топтың төрт мүшесін Шымкент пен Түркістан облысының аумағында ұстаса, қалған екеуі халықаралық іздеу нәтижесінде Ресейде ұсталды. Тергеу кезінде олардың әрқайсысының өз міндеті болғаны анықталды. Біреуі көшбасшы рөлін атқарып, тапсырмалар беріп отырған. Басқалары «дропперлерді» тапса, ал қалғаны түскен қаражатты банкоматтардан шешіп алумен айналысқан.
Полиция қылмыстық істің томдарын барлық дәлелдермен сотқа жіберді. Сот үкімімен алаяқтар үш жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылды.