Тұрғындар ит-мысықтарын 1 қыркүйектен бастап есепке қоюға міндетті
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Элитное ауылының тұрғындары бұралқы иттерден зардап шегіп жатыр. Олар малға шауып, құсты қырып тастаған.
Бұралқы иттер жылдан жылға көбейіп барады. Осы жазда көршілеріміздің қорадағы 4 қойын жарып кетті. Бүгін қамауда тұрған тауықты өсіп қалған 19 балапанымен жеп қойды. Мұндай жағдайлар ауылда көп. Бүгін құс пен қойға шапты, ертең бізді таламасына кім кепіл? Балаларымызды далаға жіберуге қорқатын болдық, - деп жазды тұрғындардың бірі әлеуметтік желіге.
Оның айтуынша, тұрғындар бұл туралы учаскелік полиция инспекторына да, әкімдікке де жеткізген. Кейін Қызылжар ауданының әкімдігі оқиғаға қатысты түсінік берді.
Биыл Қызылжар ауданында қаңғырған ит-мысыққа арналған уақытша ұстау пункті салынады. Осы мақсатқа Вишневка елді мекенінде 0,5 га учаске бөлінді. Жобаның эскизі жасалып, бекітілді. Үшінші тоқсанда жұмыс басталады. Кейін қаңғырған иттерді аулауды бастаймыз, - делінген жауапта.
Сондай-ақ тұрғындар ит-мысықтарын 1 қыркүйектен бастап есепке қоюға міндетті. Бұл рәсім полицияға мал шығынын келтірген иттердің иелерін анықтауға көмектеседі.