Олар өртке қарсы киіммен қамтамасыз етіледі
Үкімет орман өртін сөндіру стансаларының қызметкерлерін төтенше жағдайлар кезінде қосымша қорғаныспен қамтамасыз ету бойынша қаулы қабылдады. Оған премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Үкімет резервінен табиғатты қорғау және орман мекемелерінің орман өртін сөндіру стансаларының қызметкерлеріне өртке қарсы киім сатып алуға 918 млн теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл 30 табиғатты қорғау және 16 орман мекемесінің қызметкерлерін механикалық жарақаттанудан, гипотермияның, агрессивті сұйық құрамдардың, жоғары температураның әсерінен қорғауға, жұмысшылардың бастарын соққыдан сақтауға, сондай-ақ басқа механикалық әсерлерден қосымша қорғау үшін өртке қарсы киіммен жабдықтауға мүмкіндік береді деп көзделіп отыр.