Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Павлодар облысының полиция департаментімен бірігіп, Қазақстан Республикасы арқылы өткен героиннің ірі партиясын тәркіледі.
Polisia.kz-тің хабаралуынша, шілде айында Павлодар – Омбы бағытындағы автожолда арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің қолдауымен жүк көлігін тізгіндеген 54 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматы ұсталды.
Жүк көлігінің Volvo маркалы тіркемесінде Қырғызстаннан Ресейге жеткізілуге тиіс қарбызбен қоса, 59 келі героин салынған 21 полиэтиленді орама және 10 келі гашиш салынған екі орама анықталып, тәркіленді, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Оның айтуынша, бұл – шамамен 250 мың бір реттік доза, оның қара нарықтағы құны 2,5 млн доллардан асады. Қазір ҚР ҚК-нің 286-бабы 4-бөлігі бойынша («Айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы») сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Қылмысты ұйымдастырушыға мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.