«Еңбек» бағдарламасына сәйкес, онда өзге өңірлерден адамдар көшіп келуге тиіс болған
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сарытомар ауылында көшіп келетіндерге арналған үйлердің қабырғасын бұзып тастаған. Бұл туралы Петропавлск.news хабарлады.
Жергілікті тұрғын үйлерді бұзып тастау себебін анықтап, шара қабылдауды сұрап отыр.
Бұл үйлерді сала бастағанда ауылымыз жанданады, адамдар көшіп келеді деп қуанған едік. Бұл – белгілі ақын Мағжан Жұмабаевтың ауылы. Аудан прокуратурасынан бұл мәселені көтеріп, үйлерді неліктен соңына дейін салмағанын анықтауды сұраймыз, – деді тұрғын.
Ал Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің мәліметінше, үйлерді салу үшін қаржыны жеке кәсіпкер бөлген. Ал «Еңбек» бағдарламасына сәйкес, онда өзге өңірлерден адамдар көшіп келуге тиіс болған.
«Еңбек» еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы 2019 жылы басталып, 2021 аяқталған. Сарытомар ауылында қоныс аударатындарға арналған үйлер осы бағдарлама аясында 2021 жылы жеке кәсіпкердің қаржысына салынды. Қаржы бөлудің аяқталуына байланысты құрылыс тоқтап, іргетасынан басқа құрылыс материалдарын кәсіпкер алып кетті. Үйлерді салуға және сатып алу үшін ақшаны мемлекет бөлмеді, – деп түсіндірді әкімдік өкілдері.