×

Қазақстандағы ауылдарда цифрлық бұрыштар ашылады

Онда ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіледі

 Айнұр Шошаева 04.05.2022 | 11:43
Бағдат Мусин, Цифрлық даму министрі

Еліміздегі екі мыңға жуық ауылдық бөлімшелерде цифрлық қолжетімділік нүктелерін ашу жоспарланып отыр. Онда ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырған министр Бағдат Мусиннің айтуынша, ауыл тұрғындарының электронды қызметтерді кедергісіз алуына жағдай жасалады.

«Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір азамат үшін цифрлық сервистер мен қызметтер қолжетімді болуға тиіс. Заң жобада Ұлттық пошта операторының пошта желісі негізінде ауылдық елді мекендерде мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктің цифрлық нүктелерін құру ұсынылады», - деді министр.

Оның айтуынша, цифрландыру нүктесі пошта байланысы бөлімшесінің қызметкері қызмет көрсететін, интернетке қолжетімділігі бар компьютерлік және ұйымдастыру техникасымен жабдықталған орын болады.

Қазпоштаның екі мыңға жуық ауылдық бөлімшелерінде цифрлық қолжетімділік нүктелерін ашу жоспарлануда, осы электрондық бұрыштарда халық қызметтер алып, мемлекеттік органдарға электрондық өтініштер жолдай алады, - деп толықтырды ол.

Бұған қоса, министр заң жобасындағы азаматтардың деректерін актуализациялау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұдан былай Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу (АХАТ) жөніндегі функциялар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беру көзделіп отыр.

«Себебі корпорацияда қажетті сервистік инфрақұрылымдар және құзыреттілігі бар. Ал әділет органдарында азаматтық хал актілерін тіркеуді нормативтік реттеу, әдіснамалық қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі құзыреті қалады», - деді спикер.

Бұдан бөлек ведомство басшысы мемлекеттік басқару салаларын цифрландыру шеңберінде жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөніндегі аукциондарды электрондық форматқа көшіру, сондай-ақ оны өткізу процесін оңтайландыру,  рұқсаттардың жекелеген санаттарын беру алгоритімін автоматтандыру арқылы адами факторды алып тастауды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама