«Шәкіртақы төленеді»: «Қазақстан халқына» қоры 850 білім грантын бөлді
Гранттарды кімдер ала алатынын «Қазақстан халқына» қоры сайтында жариялады
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2023-2024 оқу жылында «Қазақстан халқына» ҚҚ Білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында бакалавриат бағдарламалары бойынша талапкерлерге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарында күндізгі оқуға 850 білім беру грантын бөлді. Гранттарды кімдер ала алатынын «Қазақстан халқына» қоры сайтында жариялады.
Білім беру грантын ізденушілер Қазақстан Республикасының азаматтары бола алады:
Ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылар;
Жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
Мүгедектігі бар азаматтар;
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;
Төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары (Қордың Қамқоршылық кеңесінің шешімі негізінде).
Қордың мәліметінше, бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының мәліметінше, білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді және бүкіл оқу мерзімі ішінде 40 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді. Шәкіртақы жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, 10 ай ішінде төленеді.
«Білім беру гранты бір рет ұсынылатын атаулы грант болып табылады, екінші жоғары білім алуға білім беру грантын алуға жол берілмейді. Білім беру гранты өз қалауы бойынша және үлгерімінің төмен болуына байланысты оқудан шығарылған жағдайларда, сондай-ақ студент оқудың екінші жылына қалдырылған және білім беру гранты иеленушісінің бағдарлама қатысушы екендігін растайтын күмәнді ақпарат немесе дәйексіз құжаттар ұсынылған жағдайда тоқтатылады», - деп жазылды қор ұсынған мәліметте.