Абайтанушы Омар Жәлелдің бір топ қыздың арасында «есі кетіп» билеген видеосы тарады
Омар Жәлелдің қыздарға қатысты айтқан түрлі ойлары дау тудырған еді
Әлеуметтік желіде абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелдің бір топ қыздың арасында «есі кетіп» билеп жүрген видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Танымал «Everybody dance now» әніне сілкініп билеген абайтанушының әрекетін көпшілік сынға алды. «Бұл кісі бір күн би, бір күн биші, бір күн молда, бір күн психолог? Кім өзі Омар Жәлел? Неше маскасы бар?», «Қыздардың арасында миы айналып қалғаннан сау ма?!» деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, бұған дейін Омар Жәлелдің қыздарға қатысты айтқан түрлі ойлары дау тудырған еді.
Оның қыздарды тауарға теңеген пікірі жұртшылықтың наразылығын тудырған болатын.
«Өлген әруақ жер таңдамайды, отырып қалған қыз бай таңдамайды. Қыз - тауар. Ата-ана сол тауарды өткізуі керек. Тауарды өткізе алмаймын деу ата-анаға сын. Мен де қызыма тауар ретінде қараймын», - деген болатын Омар Жәлел отандық арналардың бірінде.
Тағы бірде абайтанушының қыздарды маркерге теңегені үшін басы дауға қалды.
«Ол Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушы қыздарды оқуға емес, бала тууға шақырып: «Қыз баланың мұраты – өмір бойы оқып, «академик-доктор» болу емес, жастайынан бес зәруді бойына сіңіріп, «академик-докторларды» туып, тәрбиелеу. Қыз деген маркер ғой. Ол жазбай қалса, біз не істейміз? Әлбетте, тастай саламыз», - деген еді.