Halyq Uni логотип
×

Бес адамды атып өлтірген Ақбұлақ атқышының отбасын үйінен көшіру кезінде атыс қаруы табылды

Үйді полицейлер қоршауға алып, сот орындаушылар баспананы күштеп босатуға кірісті

 Халық үні 29.07.2023 | 23:33
Бес адамды атып өлтірген Ақбұлақ атқышының отбасын үйінен көшіру кезінде атыс қаруы табылды
Фото: Tengrinews.kz

Ақбұлақ оқиғасына екі жылға жуық уақыт өтсе де, Алматыдағы Сыздықов көшесіне деген алаңдаушылық  сейілмеді. 28 шілдеде бес адамды өлтірді деп сотталған «Ақбұлақ» атқышы Игорь Дужновтың әйелі Анаид Демирчянды үйінен шығару кезінде тағы да жанжал шықты, деп хабарлады orda.kz.

Үйді полицейлер қоршауға алып, сот орындаушылар баспананы күштеп босатуға кірісті.

Демирчян үйден 13 қыркүйекке дейін тұруға рұқсат берілгенін, үйден шығарылғанын кеше ғана білгенін айтты.

«Осы күнге дейін мен үйге заңды құқығымды қорғап, күрескім келді. Бұл менің жалғыз үйім, отбасыммен баратын жерім жоқ. Мен шықпаймын. Мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласамын», – деді әйел.

Көшіру кезінде үйдің жанында  аудан әкімдігінің өкілдері, полиция мен өрт сөндірушілер болған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, үй мен көше қоршауға алынған, өйткені көшіру кезінде үйден атыс қаруы табылған. Осыған байланысты оқиға орнында Алатау облысы ІІД-нің тергеу-жедел тобы жұмыс істеді.

Демирчян үйде қару сақталмағанын алға тартты. Ол екі жыл бұрын оның күйеуі Игорь Дужнов бес адамды атып өлтіргенде қару тәркіленген. Оның айтуынша, полиция тек пневматикалық қару ғана тапқан.

Әйел сотқа 2017 жылы жеке сот орындаушысы мен банк арасында жасалған тыйым салынған мүлікті сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінген. Сондай-ақ қаржы ұйымының атына берілген «Ақбұлақ» шағын ауданындағы жер учаскесі бар тұрғын емес үй-жайға меншік құқығын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің күшін жоюды сұрады.

Еске салайық, 2021 жылы 20 қыркүйекте Алматыда Игорь Дужнов бес адамды атып өлтірген болатын. 2011 жылы ол әйелі Анаид Демирчян екеуі банктен жылжымайтын мүлікті кепілге қойып несие алған. Қарыз уақытында қайтарылмаған, үй аукцион арқылы жаңа иесі Нұрахмет Тұрғановқа сатылған. Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Еске салайық, маусым айының соңында Анаид Демирчян шығару әрекеті кезінде үйді жарып жібере жаздады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама