Екі ел қарулы топтардың көмегімен бір-бірін атқылап келеді
Руанда елінің әскері Конго Демократиялық Республикасының аумағына басып кірді. Бұл туралы Конгоның Қарулы күштері мәлімдеме жасады.
Конго армиясының мәлімдеуінше, Руанданың жасағы шекарадан өтіп, қару қолданған. Бұл арандатушылық әрекеттен ештеңе шықпаған соң, олар қайтып өз елдеріне кеткен.
Әзірше қарулы қақтығысқа неше адамның қатысқаны белгісіз. Қолда бар дерекке қарағанда, екі елдің арасындағы жағдай 1994 жылдан бері ушыққан. Сол жылы Руандада біраз халық қырылып, геноцид болған. 2021 жылы шиеленіс тағы ушықты. Бұл жолы Конгоның М 23 деген көтерілісшілер тобы Уганда және Руанданың шекарасымен шектесетін жерде өз елінің армиясын атқылап, жақын маңдағы қалаларға басып алған.
Бұл топ 2012 – 2013 жылдары Конгоның шығыс бөлігіндегі аумақты да басып алған болатын. Содан бері ол жерде көтерілісшілер тобы өздерін еркін ұстап, ара-тұра өкіметтің әскеріне шабуыл жасап отырған.
2021 жылы Конго әскері мен БҰҰ-ның Қарулы күштері көтерілісшілер тобын ығыстырып, елдің шығысындағы жердерді қайтарып алды. Қазір Конго билігі осы қақтығыстарға Руанданы кінәлайды. Ал Руанда болса, өз кезегінде көрші елдің билігін Руанданы азат ету демократиялық қозғалысын қолдап келеді деп айыптайды. Бұлар да көтерілісшілер тобы болып саналады. Бұл топқа көбінесе хуту этносының өкілдері кіреді. Олар Конгоның аумағында орын тепкен.