Түркістан облысында ер адам әйелін төрт баланың көзінше ұрып өлтірген
Марқұмның жасөспірім қызы полицияға хабар берген
Түркістан облысында ер адам әйелін төрт баланың көзінше ұрып өлтірген. Марқұмның жасөспірім қызы тәртіп сақшыларына хабарлаған. Қайғылы оқиға 29 сәуірге қараған түні болған.
Бұл дерек Ордабасы аудандық полиция бөліміне қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша тіркелді. Алынған заттай айғақ сараптамаға жіберілді. Күдікті өз әрекетін мойындады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде, - деді полиция департаментінің өкілдері.
Ведомство мәліметінше, ұсталған азамат – Ордабасы ауданының тұрғыны. Ер адам құқық қорғау органдарында тіркелмеген. Бұған дейін көрші-қолаң, туыстардан айғай-шу туралы ешқандай арыз-шағым түспеген.
Қайғылы жағдайдан кейін ерлі-зайыптының екеуінің де ата-анасы кәмелетке толмаған төрт баланы өз қамқорлығына аламыз деп отыр.
Бұл ретте, әйелдің қызы анасын құтқаруды өтініп, төрт рет сақшыларға хабарласқан. Көмек 40 минуттан кейін ғана келген. Жәбірленуші жедел жәрдем келгенше тіл тартпай кеткен.
«Аузына коньяк құйған. Сосын сол бос бөтелкені қызымның басына сындырған. Үйден моншаға шашынан сүйреп апарған. Басында тіпті шаш қалмаған. Сау тісі қалмаған. Үстіне секірген, соның салдарынан іші түгел зақымдалып, қабырғалары сынған», - дейді марқұмның анасы Қаламқас Сартаева.