Марқұм келіншек Қырғызстан азаматы болған
Шамамен бір апта бұрын Алматыда 29 жастағы әйел балаларының көзінше өзіне қол жұмсады. Келіншек өз үйінде басқа тағатын орамалына асылып қалған. Куәгерлердің айтуынша, анасының суицид жасағанын 1 және 5 жасар кішкентей қыздары көріп, ештеңе түсінбей, жылай берген. Марқұм келіншек Қырғызстан азаматы болған. Қаза тапқан Айпері тірі кезінде тапсырысқа киім тігіп, бәліш пісіріп сатқан. Бұл туралы ол тірі кезінде Ильгиз Гарипов атты алматылық блогерге айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ильгиз Гарипов Айперімен Алматыдағы Президент паркінде кездесіп қалған. Блогер Айперіден қандай көмек керегін және ол немен айналысатынын сұраған.
«Үш қызым бар, үйде отырамын, декреттегі анамын. Мен негізі дизайнер, модельермін. Тігін машинасын сатып алғанмын. Бірақ оны бөліп төлеймін. Кейде клиенттер болмай қалады. Менің құр көшеде жүруімнен пайда жоқ. Көбірек ақша тапқым келді. Бәліш, шұжықша сатамын. Құр қол отырмаймын. Қазір паркте әрі қыдырып, әрі бәліш сатып жүрмін. Күйеуім «ұялмайсың ба?» деп сұрайды, жоқ, ұялмаймын. Бәрі халал өнім, адал еңбек. Ерлер мен әйелдерге арналған киім тігемін. Көршілерім тапсырыс береді, бірақ сонда да клиенттерім аз. Көбірек жұмыс істегім келеді», - деген Айпері.
Осылайша, блогер қор ашып, оқырмандарынан ақша жинап, Айперіге көмектесуді ұсынған. Видеоны көрген адамдар 30 мың теңгедей жинап берген. Ильгиз Гарипов жиналған қаржыға Айперінің балаларына жаялық және аздаған азық-түлік алып берген.
Айпері блогердің көмегінен кейін қатты қуанып кеткен. Ол Ильгиз Гариповтің видеосынан кейін әлеуметтік желідегі парақшасына көп адам жазылып, тапсырыс ала бастағанын айтқан.
Өкінішке қарай, Айпері 20 шілдеде өз пәтерінен өлі табылды. Алматыдағы Мамыр шағынауданында өзіне қол жұмсау дерегі болғанын қоғам белсендісі Жібек Әменова әлеуметтік желіде хабарлады. Үш баланың анасы балаларының көз алдында асылып қалған. Жазба авторының айтуынша, көршілері марқұмның бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын хабарлаған.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.