Нұрбақыт Теңізбаев Алматы облысы Кеген ауданының әкімі болды

Дастан Жұмабекұлы

Ол 2018 жылдың қазан айынан осы кезге дейін Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымын атқарды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Кеген аудандық мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша және Алматы облысы әкімінің өкімімен Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев Кеген ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.

Нұрбақыт Молдахметұлы 1983 жылы туған. Ұлты – қазақ, білімі жоғары.

«Дене шынықтыру және спорт»,«кеден ісі», «дене шынықтыру мәдениетінің оқытушысы, күрес жаттықтырушысы», «көлікті пайдалану және тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру» мамандықтары бойынша Жоғары оқу орындарында бакалавр дәрежесінде білім алып, 2014 жылы «педагогика ғылымы» бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстан Республикасының грек-рим күрес федерациясының спорт-нұсқаушысы болып бастаған.

Әр жылдарда Астана қаласындағы Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының грек-рим күресінен спорт-нұсқаушы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында, Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының № 12 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің әдіскері, директордың оқыту-спорт жұмыстары бойынша орынбасары, Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры. сонымен қатар Панфилов ауданының маслихат депутаты қызметтерін атқарған.

Ол 2018 жылдың қазан айынан осы кезге дейін Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымын атқарып келді.

Нұрбақыт Молдахметұлы грек-рим күресінің палуаны, жастар арасында әлем чемпионы (Стамбул, 2003 жыл), 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2009 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

«Құрмет» орденінің иегері.