Жамбыл облысында полиция департаментінен ұрланған қару-жарақ табылды
Пулемет-тапанша, мылтық, қол гранатасы мен оқ-дәрілер жасырылған орындар анықталды
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері күн сайын Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді іздеп жатыр.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, полицейлер кезекті рейдте қару жасырылған үш орынды анықтап, қару-жарақты тапқан.
Соның бірі «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің аумағынан табылды. Онда ашық алаңнан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған полипропилен қапшықтардың жасырылғаны белгілі болды. Қапшықтардан Қаңтар оқиғасы кезінде полиция департаментінің ғимаратынан ұрланған 9 мм калибрлі пулемет-тапанша, 20 мм калибрлі ТОЗ-120 бір ұңғылы тегіс оқпанды аңшы мылтығы, екі ТОЗ-63 16 калибрлі екі ұңғылы аңшы мылтығы, 4,5 мм калибрлі МР-654 пневматикалық тапаншасы, ИЖ-79 газ тапаншасы, РГД-5 қол гранатасы, АК-47 автоматының оқжатары, түрлі калибрлі 87 патрон және арнайы құралдар табылып, тәркіленді.
Сондай-ақ Тараз қаласының ПБ екінші полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру кезінде облыс орталығындағы көшелердің біріндегі қоқыс арасына жасырылған 16 калибрлі ИЖ-ЗК мылтығын, ТТ ЛИДЕР травматикалық тапаншасын, түрлі калибрлі 23 оқ-дәрі, АКСУ автоматының оқтамасын, полицей каскасын, оқ өтпейтін жилет, резеңке таяқша және полицей қалқанын тапты.
Қазір осы деректерге қатысты ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі («Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз иелену, дайындау, беру, сақтау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.