Жыл басында ауданға Әлихан Бөкейхан есімін беруге қатысты қоғамдық тыңдау өтті
Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының атауы өзгертілді. Енді ауданға Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың есімі беріледі.
Бүгін Қарағандыда облыстық мәслихаттың кезекті IX сессиясы өтіп, оның барысында Октябрь ауданының атауын өзгерту мәселесі қаралды. Сессия жұмысына аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қатысты. Депутаттар мен әкімдік бірлесіп шығарған шешім бойынша, Октябрь ауданының атауы өзгерді.
Сессияда Октябрь облысына Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы бұрын дайындалған әкімдік пен мәслихат қаулысы қаралды. Енді аудан Әлихан Бөкейхан ауданы болып аталмақ. Тиісті құжаттар Әділет министрлігіне тіркеуге жіберілді, - деп хабарланды облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармадан.
Биыл наурыз айында Қарағанды қаласындағы 15 нысанда Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беруге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Оған 685 тұрғын қатысып, олардың бәрі ауданға Әлихан Бөкейхан есімін беруді бірауыздан қолдады.