Шымкент әкімінің орынбасары Исахов екі айға қамауға алынды
Исаховты ҰҚК ұстаған болатын
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті Исахов Мақсұт Пернебайұлына қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасын екі ай мерзімге, яғни 2023 жылдың 20 шілдесі сағат 01.07-ден 2023 жылдың 20 қыркүйегі сағат 01:07-ге дейін кепіл сомасын анықтаусыз ұзартты, - деп нақтылады Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сот сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қалған деректері ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы талаптарына сай ашық жарияланбайтынын ескертті.
Айта кетсек, Мақсұт Исахов 1974 жылы туған. Білімі жоғары. Мамандығы – ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы, заңгер.
Еңбек жолын ішкі істер басқармасынан бастаған. Бірқатар облыста кеден саласында, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында қызмет атқарған.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, аталған қалада энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Сосын ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған.
2020 жылдың 7 ақпанынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.