Halyq Uni логотип
×

Жамбылда көз жұмған сарбаздың өліміне кінәлі күдікті ұсталды

Күдікті қамауға алынды, материалдар сотқа жолданды

 Ербол Тұрымбет 03.05.2022 | 20:06
Жамбылда көз жұмған сарбаздың өліміне кінәлі күдікті ұсталды
фото: inaktau.kz

Жамбыл облысында әскер қатарында жүріп қаза болған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты күдікті ұсталды. Бұл ақпаратты Бас әскери прокуратура растады. 

Сарбаз өліміне күдікті ретінде марқұммен бірге әскери борышын өтеп жүрген әріптесі болып шықты.

«Күдіктіні ұстауға куәгердің айғақтары мен зорлық-зомбылық белгілері бар сот-медициналық сараптама қорытындысы себеп болды. Күдіктіні қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру бойынша материалдар сотқа жіберілді», - деп хабарлады прокуратура.

Күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша бойынша – адам өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланды.

Бұл бапта қарастырылған жаза - сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру. 

Айта кетейік, 22 сәуірде Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай қайтыс болды. Таңертең сапта тұрған жауынгер кенеттен есінен танып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілгенмен, ол есін жимаған күйі көз жұмған. Бұл – Қорғаныс министрлігі таратқан ресми мәлімдеме.

Алайда, Әлібектің туыстары министрліктің мәлімдемесіне сенбей отыр. Олар жас жігітті соққыға жықты деп санайды.

«Қазір оның анасымен бірге мәйітханада отырмыз... Ол басынан бірнеше рет соққы алған, ізі де бар. Бүгін Ақтау қаласына ораламыз. 13 сәуірде оны күштеп әскерге жіберді, 18 сәуірде әскери бөлімшеге жеткізілді. Ал кеше таңертең оның қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті... Қазақстандықтар білсін, әскерде ұрып-соғады, жас балалар қыршын кетіп жатыр. Оның әскерге барғысы келген жоқ, бірақ оны жұмысынан іздеп, айыппұл саламыз деп қорқытты», - дейді марқұмның туысы Динара Тілесова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама