Президент кубогы: Қазақстанның үш теннисшісі екінші айналымға шықты
Жарысты Ислам Орынбасар, Дмитрий Попко мен Денис Евсеев одан әрі жалғастырады
Қазақстанның үш теннисші Астанада өтіп жатқан Президент кубогы үшін челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Дмитрий Попко Президент кубогындағы алғашқы кездесуін өткізді. Ол түркиялық Корай Кирчиді 6:4, 4:6, 6:1 есебімен жеңді. Енді ол ширек финалға шығу үшін өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен ойнайды.
Президент кубогының былтырғы финалисі Денис Евсеев жаңазеландиялық Аджит Раиды 6:4, 6:1 есебімен ұтты. Оның келесі қарсыласы – Израиль өкілі Орель Кимхи.
Тағы бір қазақстандық, 19 жастағы Ислам Орынбасар әлемнің 616-ракеткасы, үндістандық Прджвал Девтен 6:4, 1:6, 6:3 есебімен айласын асырды.
Теннисшілер кортта екі сағаттан астам уақыт ойнады. Ислам Орынбасар жарыстың екінші ракеткасы, жаңазеландиялық Бенджамин Локпен кездеседі.