Павлодарлық ветеринарлар мемлекет қорғауындағы қазақы тазыларды атып өлтірді
Оларға улы заты бар қысқа сапты найзаны бірнеше рет лақтырған
Павлодарда тазы тұқымды екі ит аяусыз өлтірілген. Жергілікті зооқорғаушылар оларды бұралқы жануарларды аулайтын ветеринарлық қызметтің өкілдері атып өлтірді дейді.
Гараж кооперативі алаңына қарай кірген жолаушылар көлігі қауіпсіздік камераларына түсіп қалған. Үй жануарларын қорғаушылардың айтуынша, көлік ішіндегі адам иттерге улы заты бар қысқа сапты найзаны бірнеше рет лақтырған. Біреуін атқаннан кейін көлік екіншісін қуып жетуге тырысқан. Кейін иттердің бірінің өлексесін жүк салғышқа тиеп алыпты. Ал қашып құтылған екінші иттің удан қиналып өлген кезі де бейнебақылау камераларына түскен.
Павлодарлық еріктілердің айтуынша, иттердің мойнында қарғыбауы, төлқұжаттары мен вакцинациялары бар. Барлық автокөлік иелері оларды білетін және тамақ беретін. Өйткені олар қорғалатын аумақта өмір сүрген.
Ал Павлодар облысының ветеринария басқармасында сол күні иттерді аулау немесе ату жүргізілмегені айтылды. Сонда да облыстық полиция департаменті осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 316-бабы («Жануарларға қатыгездік көрсету») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Еске сала кетсек, биыл 2 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарын мемлекеттік қорғауға енгізген заңға қол қойған болатын.