Чемпиондар лигасы: «Астана» хорватиялық «Динамодан» ірі есеппен ұтылды

Дастан Жұмабекұлы

 Келесі матч 1 тамызда болады

Фото: ашық дереккөз

Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінің екінші сатысында «Астана» клубы Загреб қаласында Хорватияның «Динамо» командасымен кездесіп, алаң иелерінен 0:4 есебімен жеңіліп қалды.  

Матчта «Динамо» клубы үш голды бірінші таймда салды. Төртіншісін екінші таймның 56-минутында қонақтардың қақпасына тоғытты.

Хорватияның клубы – өз елінідегі тәжірибелі командалардың бірі. Бұл команда өткен ғасырдың 1911 жылы құрылған. Ал Югославия ыдырап, бірнеше мемлекетке бөлініп кеткеннен кейін клуб 1990 жылдан бері өз елінде 24 рет чемпион атанған. Еурокубок ойындарына бірнеше рет қатысқан. Соның ішінде Чемпиондар лигасының былтырғы футбол маусымында «Челси», «Милан» секілді атақты командалармен бір топта да ойнаған.

Сондықтан «Астана» үшін «Динамомен» ойын оңай болмайтыны түсінікті еді. Дегенмен, меймандар матчтың алғашқы 30 минутында алаң иелерімен тең ойнауға тырысып көрді. Бірнеше қауіпті жағдай да жасағысы келді. Алайда «Динамоның» шабуылдарынан кейін қонақтардың жүйкесі бірінші таймының соңында сыр бере бастады. Сөйтіп, айналдырған 6 минутта Йосип Чондрич қорғаған қақпаға үш доп топ ете қалды. «Динамоның» құрамында бірінгі голды Бруно Петкович 38-минутта салса, одан кейін Лука Иванушеец 41 және 43 минутта екі допты торға тоғытты. Ал үшінші голын ол  56-минутта салып, хет-трик жасады.  

Осылайша «Астана» қарсыласынан 0:4 есебімен жеңіліп қалды.

Екі команда арасындағы келесі матч 1 тамызда болады.

Осы екі ойынның нәтижесінде доп айырмашылығымен үздік атанған команда Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу сатысында Грекияның АЕК командасымен кездеседі. Бұл ойындар 9 және 15 тамыз күндері өтеді. Ал жеңілген команда Еуропа лигасына жол тартады.

Егер «Астана» Еуропа лигасында ойнайтын болса, онда «Лудогорец» (Болгария) және «Олимпия» (Словения) жұбында ұтылып қалған командамен кезедседі. Бірінші ойын 10 тамызда сырт алаңда болады. Екінші ойын 17 тамызда «Астана Арена» стадионында өтеді.