Ербол Сейілхан YouTube желісінде жаңа жоба бастағысы келетін қатысушыларға кеңесін айтты
«Халық Үні» медиа-холдингінің бас продюсері, «Сұрауы бар» YouTube каналының жетекшісі Ербол Сейілхан медиа саласында жүрген (журналистика, PR, баспасөз қызметі) мамандарға арнап «Саяси-әлеуметтік тақырыптағы YouTube каналын жүргізудің ерекшеліктері мен менеджменті» тақырыбында тренинг өткізді.
Іс-шара «Медиа дамыту қоры» корпоротивтік қоры мен «Халық Үні» медиа-холдингінің ұйымдастыруымен өтті. Оған әртүрлі ақпараттық сайттарда, түрлі мекемелердің баспасөз қызметінде, танымал компаниялардың PR бөлімінде жұмыс істейтін 20 маман қатысып, өздері істейтін мекеменің YouTube каналын ілгерілету бойынша кеңес алды.
«Халық Үні» медиа-холдингінің директоры Ринат Кертаев тренингке қатысушыларды ерекше құрметпен қарсы алып, холдингтің жұмысы жайлы тоқталды.
«Тренингке келгендерге алғыс айтамын. Холдинг құрылған күннен бастап біздің қызметкерлер медиа-трендтерді игеруге ерекше көңіл бөліп келеді. Біз соңғы үрдістерді бақылап отырамыз және оларды дер кезінде қолданамыз. Егер трендке жаңа кейстер енсе, қызметкерлеріміз оларды дер кезінде пайдаланады. Біздің холдинг YouTube жобаларды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі таңда бізде «Голос народа», «Голос народа News», «Сұрауы бар» және «Халық үні» атты төрт канал жұмыс істеп тұр», – деді Ринат Кертаев.
Тренинг барысында Ербол Сейілхан жаңа медиадағы сұхбат жанрының ерекшеліктері, YouTube менеджменті, жаңа трендтер жайлы айтып берді. Тәжірибесімен бөлісіп, YouTube желісінде жаңа жоба бастағысы келетін қатысушыларға кеңесін айтты.
«YouTube канал ашып, оған контент жасағанға дейін мен дәстүрлі медиада – телеарнада жұмыс істедім. Телеарнада жүргенде бір өзгеріс керегін түсініп, өзімді жаңа медиада сынап көрмек болдым. Мен үшін YouTube жаңа, ашылмаған аралдай тың алаң еді. Өзімді жаңа медиаға бейімдеп, қинап болса да үйреттім. Егер сіз канал ашқыңыз келсе, алдыңызға қандай мақсат қоятыныңызды анықтап алуыңыз керек. Басында спикерлерді өзіміз іздесек, қазір олар бізді өздері іздеп табады», – деді Ербол Сейілхан.
Іс-шараға қатысушылардың бірі алған әсерімен бөлісіп, тренингті ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
«Холдингке осындай бастамалары үшін алғыс айтамын. Медиа саласында жұмыс істейтіндерді қазақ тіліндегі YouTube жобалардың дамып жатқаны қуантады. Жоба қатысушыларына «Сұрауы бар» каналындағы тәжірибе, оны құру және түрлі тақырыптарды әзірлеу маңызды болды», – деді Ернар Сейтахмет.