×

«Басымнан тепті»: Атырауда күзетшілер таныспай қойған қызға күш қолданған (ВИДЕО)

Әкімші бейнебақылау камераларының жазбасын көрсетуден бас тартқан

 Еркеғали Болатұлы 25.07.2023 | 09:36
фото: ашық дереккөз

Атырауда 11 шілдеде SOLVE рестобарының бірнеше қызметкері барға келген қызды соққының астына алған. Ол туралы бейнежазба әлеуметтік желілерге тарап кетті.

Айназ есімді жәбірленуші Instagram-дағы парақшасында сол оқиғаны баяндап берді. Айтуынша, күзетшілер оған қырындап, таныспақ болған, бірақ қыз олардың ұсынысын қабыл алмаған. Содан кейін олар қызға өштесіп, мазақтап, мазасын алған.

Таңғы сағат 5 шамасында телефонмен сөйлесу үшін кіреберіске шықтым. Содан кейін күзетшілер мені кіргізбеді. Дөрекілік танытып, «кетіп қалшы мына жерден, сені ешкім кіргізбейді» деді. Мен олардың өйтуге хақысы жоқ екенін айтып, әкімшіні шақыруды сұрадым, – деді жәбірленуші видеода.

Алайда олар әкімшіні шақырмаған. Қыз кіреберіс арқылы кірмек болған кезде бір топ ер адам оған шабуылдап, күш қолданған.

Бетімнен бірнеше мәрте ұрды. Соққыдан кіреберістегі кафельге басымды соқтым. Мені әрі қарай итеріп, қуып шықты. Алайда бір күзетші артымнан жүгіріп келіп, отырған кезімде басымнан тепті, – дейді Айназ.

Айтуынша, полиция қызметкерлері келгенше қаскөйлер қашып кеткен және әкімші бейнебақылау камераларының жазбасын көрсетуден бас тартқан. Жазбаларды тек екі күннен кейін көру мүмкін болған.

Атырау облыстық полиция департаменті күдіктілердің ұсталғанын мәлімдеді.

11 шілдеде Атырау қаласындағы рестобарлардың бірінде азаматты ұрып-соғу дерегіне қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер анықталды. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама