Мадияр Қайсаров отбасында жалғыз бала болған
Қаңтар айында Қызылордадағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан Ұлттық ұланның сарбазы Мадияр Қайсаровтың өліміне кінәлі азаматтар анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.
«Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс жасаған қаңтар оқиғасының бір қатысушысына қатысты тергеуді аяқтадық. 5 қаңтарда Қызылорда қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ол және оның сыбайластары алдымен Ұлттық ұланның КАМАЗ жүргізушісін қатыгездікпен ұрып соққан. Содан кейін күдікті әскери техниканы айдап кетіп, қозғалтқыш педаліне кірпіш қойып, көлікті әскерилердің қоршауына бағыттаған. Қылмыскердің өзі КАМАЗ кабинасынан секіріп кеткен», - деді ол.
Оның айтуынша, нәтижесінде Ұлттық ұланның 19 жастағы сарбазы Мадияр Қайсаров қаза тапқан.
«Автокөлік үлкен жылдамдықпен әскерилерді басып, нәтижесінде сарбаз Қайсаров қаза тапты. Күдіктінің әрекеті терроризм актісін жасау бойынша сараланды. Қайсаров отбасындағы жалғыз бала болған. Осы жылы ол 20 жасқа толар еді», - деп толықтырды ол сөзін.
Еске сала кетейік, қаңтарда қтардағы жауынгер Мадияр Қайсаров Қызылордадағы 5547 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген болатын. Ол әскерге алты ай бұрын Қарағанды облысынан шақырылған.
Сондай-ақ прокуратура өкілі қаңтар оқиғасына байланысты тергеу барысын баяндады.
Қазіргі уақытта сотқа 288 қылмыстық іс жолданды. Оның ішінде 22 адам бас бостандығынан айыруға, қалғандарына бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстар және айыппұл түрінде жаза қолданылды, - деп атап өтті Қилымжанов.
Жалпы ел бойынша Қаңтар оқиғалары кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу бойынша 721 адам күдікті деп танылды. Оның ішінде 281 адам қамауда отыр.