Halyq Uni логотип
×

Президент Антикорға тағы тапсырма берді

Жыл басынан бері 1000-ға жуық қылмыс тіркелген  

 Дастан Жұмабекұлы 24.07.2023 | 12:08
Президент Антикорға тағы тапсырма берді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады.

Кездесуде Асхат Жұмағали президентке Антикордың атқарып жатқан жұмысын баяндады. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сырттан талдау жүргізу кезінде жерді бөлу және Алматының қала құрылысын дамыту ісін жоспарлау кезінде жиі қайталанатын заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған.

Одан кейін ол білім беру саласындағы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу тетіктерінің жетілдірілмегеніне, қызметкерлерді бір орталықтан есепке алудың болмауына және қаржы жымқыруға әкеп соқтырған бухгалтерлік жүйелердің қазынашылықтағы деректер базасымен біріктірілуіне байланысты тәуекелдер анықталғанын айтты.

Сонымен бірге Антикор басшысы кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою үшін «Бизнеске жол» жобасын іске асыру ісі жалғасатынын, бұл бастама қолға алынған сәттен бері 21 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетіліп, 400-ден астам түйткілді кейс шешімін тапқанын, биыл жыл басынан бері 130 нысанға талдау және мониторинг жүргізіліп, жемқорлықты жоюға қатысты 1000-нан астам ұсыныс енгізілгенін атап өтті.

Жыл басынан бері елімізде 1000-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 700-ден астам адам әшкереленген. Оның 98-і түрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа дейінгі аяқталған тергеудің нәтижесі бойынша 232,6 млрд теңге өтелді, – деді ол.

Осы ретте Асхат Жұмағали 1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 860 млрд теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылғанын атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыруды, әсіресе әлеуметтік маңызы бар салаларға баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ алдын алу шараларының аса маңызды екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама