Halyq Uni логотип
×

Балаларға қатысты мәселелерді шешуге барлық министрлік жұмылдырылып жатыр

Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керектігі ескертілді

 Еркеғали Болатұлы 23.07.2023 | 11:13
Балаларға қатысты мәселелерді шешуге барлық министрлік жұмылдырылып жатыр
фото: ашық дереккөз

Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева көтерген мәселелер бойынша кеңес өткізді.

Бұл ретте министр мемлекеттік органдардың Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлескен жұмысын үйлестіру мен бірыңғай тәсілдің маңыздылығын атап өтті.

Динара Закиеваның әрбір ұсынысы бойынша мемлекеттік органдарға:

  • Отбасыларды жан-жақты көмекпен қамту жұмыстарын үйлестіру мәселелерін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына бекіту;
  • ІІМ-ге мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қолайсыз жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобилді топтардың жұмысын заңнамалық тұрғыдан бекітуді пысықтау;
  • Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша көмек көрсету үшін Бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығын құру;
  • Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрліктеріне әкімдіктермен, Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен бірлесіп, балаларға арналған барлық мемлекеттік ұйымдарды (оңалту орталықтары, интернаттар, балалар лагерлері және т.б.) кезең-кезеңімен жөндеу, материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша тексеру жүргізу;
  • Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға облыс орталықтарынан тұрғын үй беру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Сондай-ақ Тамара Дүйсенова балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керектігін ескертті. Ал Түркістан облысындағы соңғы қайғылы оқиғаға байланысты әкімдіктерге Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, жазасын өтеп шыққан азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша деректер қорын құру тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама