Halyq Uni логотип
×

22 келі «синтетика», 2 тонна прекурсор: Астанада шетелдік басқарған қылмыстық топ ұсталды

100 мыңға жуық бір реттік доза тәркіленді

 Динара Амантай 22.07.2023 | 10:17
22 келі «синтетика», 2 тонна прекурсор: Астанада шетелдік басқарған қылмыстық топ ұсталды
Фото: polisia.kz

Астанада шетелдік ұйымдастырған есірткі зертханасынан 22 келі «синтетика» және 2 тоннадан аса прекурсор тәркіленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елордалық полиция департаментінің қызметкерлері ІІМ ЕҚҚІД бірлесіп, прокуратурамен келісілген жедел-тергеу іс-шаралар кешенін жүргізу барысында синтетикалық есірткі өндірумен және оларды Қазақстан аумағында сатумен айналысатын қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

Арнайы құрылған жедел-тергеу топ, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жауынгерлерінің қатысуымен, Астанада және Қарағанды облысында тыйым салынған заттарды өндіру үшін елге келген Украина Республикасының 52 жастағы азаматы басқарған қылмыстық топтың 7 қатысушысын бір мезгілде ұстады. Синтетикалық есірткі жасау үшін ер адам Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Керней ауылында жеке үй сатып алып, Қазақстанның жеті азаматын жалдаған. Анықталғандай, ұсталғандардың әрқайсысының қылмыстық тізбекте өз рөлдері болған, – деді Астана қаласы ПД бастығы Марат Төлебаев.

Астана – Қарағанды тас жолында полицейлер қылмыстық топта тасымалдаушы болған елорданың 43 жастағы тұрғынын ұстады. Бұдан әрі жедел іс-шараларды өткізу барысында қылмыстық топ жетекшісінің өзі де есірткі дайындау кезінде қылмыс үстінде ұсталды. Есірткі зертханасын тінту кезінде өндірілген «синтетиканың» 22 келісі тәркіленді. Бұл тұтынушыға жетпейтін және жойылатын 100 мыңға жуық бір реттік дозаны құрайды. Сондай-ақ ол жерден 2 тоннадан астам прекурсор, екі реактор, химиялық қорғаныс костюмдері және синтетикалық есірткі өндіруге арналған басқа да зертханалық жабдықтар табылды.

ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Синтетикалық есірткі дайындауға арналған прекурсорлар мен жабдықтарды жеткізу арналарын және өзге қатысушыларды анықтау жөніндегі жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама