Аман қалған куәгер тоғыз адамның көз алдында жан тапсырғанын айтады
Түркістан облысының тұрғыны жанып жатқан көлік ішінен 8 адамды құтқарып қалды. Бұл туралы ақын Маралтай Райымбекұлы өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға облыстық маңызы бар Екпінді - Созақ тасжолы бойында болған. Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Grafter автокөліктері соқтығысып, толығымен өртеніп кетті. Сол оқиға ортасында Созақ ауданы Бабата ауылының тұрғыны Мұрат Есенқабылов та болды.
Кешегі Түркістан облысында тоғыз адамның ғұмырын жалмаған жол апатының қақ ортасында аман қалған, медициналық көмекке жүгінбеген екі куәгердің бірі – Мұрат Есенқабылов, - деп жазды ақын желідегі парақшасында.
Аман қалған куәгер тоғыз адамның көз алдында жан тапсырғанын айтады.
Үшеуі мылжа-мылжасы шыққан көліктің ішінде қысылып, шыға алмай жанып кетті. Қайсын құтқарарымды білмедім. Жанып жатқан көліктердің ішінен сегіз адамды көтеріп алып шықтым. Кейіннен келген адамдар жанып жатқан көлікке жақындауға сескеніп тұрды. Себебі, жанып жатқан көліктің жанармай багы кез келген сәтте атылып кетуі мүмкін еді. Ыңырсып жылап, кейбірі есін білмей жатқан дәрменсіз жаралыларды көліктен көтеріп шығарып кезең-кезеңімен жол жиегіне қауіпсіз жерге тасыдым, - дейді Мұрат Есенқабылов.
Еске салсақ, 17 шілде күні Түркістан облысында жол апатынан 9 адам қаза тауып, 13 адам ауруханаға жеткізілді.