Құқық қорғау органдары студент өлімінің себебін анықтауға кірісті
Қазақ-британ техникалық университетінің студенті Сергей Ли қайтыс болды. Бұл ақпаратты Алматы қалалық Полиция департаментіндегілер растады. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (өз-өзін өлтіруге жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қылмыстық істі тергеуді Бостандық ауданы полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
Университет әкімшілігі Сергей Лидің қазасына қатысты марқұмның туыстарына қажетті көмек беретінін хабарлады.
Студентіміз Сергей Лидің қайғылы қазасы туралы өкінішті хабар алдық. Студенттің отбасы мен туған-туыстарының, достарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Сергей өте жарқын және ақкөңіл адам болды. Университет өз тарапынан марқұмның отбасына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетеді. Қазір құқық қорғау органдары қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтап жатыр, – делінген ЖОО хабарламасында.
Ашық дереккөздерде 18 жастағы Сергей Лиге қатысты қайғылы жағдай 5 желтоқсанда болғаны айтылған.