Алматыда 2 есірткі зертханасы мен химиялық прекурсорлардың ірі қоймасы жойылды
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр
12 және 14 шілдеде Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген іс-шаралар нәтижесінде 2 есірткі зертханасы мен химиялық прекурсорлардың ірі қоймасы жойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 10 келіден аса «мефедрон» синтетикалық есірткісі, 15 тоннаға жуық прекурсор, сонымен қатар 4-5 есірткі зертханасын іске қосуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар анықталып, тәркіленген. Есірткі әзірлеу үстінде Қазақстанның 4 азаматы ұсталып, оларға қатысты сот санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
ҰҚК жыл басынан бері 24 есірткі зертханасын, 20 халықаралық және 23 аймақтық есірткі арналарын жойып, 780 келі синтетикалық есірткі мен 68 тоннадан аса прекурсорларды тәркіледі.
Есірткі және психотроптық заттар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымына, сатылуына, сақталуына, әзірленуіне, өсірілуіне, өңделуіне және сатып алынуына қатысы бар қылмыстар заң талаптарына сай 3 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.