Қазақстан Түркиядан броньдалған әскери көліктерді сатып ала ма – министрлік жауабы
Министрлік әскерді заманауи техникамен жарақтандыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде
Қазақстандық тарап шет мемлекеттерден брондалған әскер көліктерді сатып алуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әскери доктринаға және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің басқа әскери құралымдарын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Қорғаныс министрлігі әскерді заманауи, көпфункционалды әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Қарулы Күштердің мамандары отандық және шетелдік өндірістегі 8х8 броньдалған көліктерге салыстырмалы талдау жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша осы типтегі машиналарды қолдану бойынша ұсыныстар әзірленетін болады», - деп жауап берді ведомствоның баспасөз қызметінен тілші сауалына орай.
Айта кетейік, кеше Түркия мен отандық БАҚ беттерінде Қазақстан әскері түркиялық «Otakar» компаниясынан 4,4 млрд долларға (2 трлн теңге) 800-ден астам ARMA броньды көліктерін сатып алуды жоспарлап отырғаны туралы мәлімет тарады. Қорғаныс министрлігі қанша көлік қажет екенін және оған қандай көлемде қаражат жұмсалатынын мәлімдеген жоқ.